Ысырап деген кезімізде алғаш ойға материалдық затты ысырап ету яки уақытты ысырап ету келеді. Сондай ақ, азық-түлікте ысырап, электр қуатында ысырап, киім кешекте тағысын тағы... осы орайда адам баласы қамшының қысқа сабындай болған мына өмірде бос әңгіме, жаман сөздер, болмашы мәселелер үшін біреулермен ұрыс керіс, талас тартысып яки біреудің артынан ғайбат айтып жататын кездеріміз болады. Алайда сөз ысырабы дегенге аса мән бере бермейді екенбіз. Ысырап – «текке шашу», «мөлшерсіз жұмсау», «шегінен шығу», «қолдағы нығметтің қабірін білмеу» дегенге келеді. Осы тұрғыда адамға сөйлеу нығметінің жемісі ретінде берілген сөзге де орынсыз ерік берсек ол да ысырап болады екен. Негізінде адам баласы өз ойын ауыз, тіл, дыбыс ағзалары арқылы жеткізеді. Бұл сөйлеу нығметі арқылы іске асады. Қай тұрғыдан (дінімізде де мәдениетімізде де) қарастырар болсақ та бет алды сөйлеу орынсыз саналады.
Құран аяттарын негізге алған кейбір тәпсірлер ауздан шыққан әрбір сөздің қағаз бетіне түсіретін періштелердің бар екенін және Алла Тағаланың адам баласына күре тамырынан да жақын екенін ұмытпауы тиіс дейді. Яғни, Алла тағала адамның ішкі ойларынан да хабардар екендігін және барлық сөз атаулының міндетті түрде жазылатындығын түсіндіреді.
Ардақты Елші (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», деген.
Жөн-жосықсыз сөйлемеу үшін аузына шағал тас салып жүрген халиф Әбу Бәкір (р.а.) осыларды ескерсе керек.
Үндемеудің қадірін ата-бабаларымыз «көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деп жақсы айтып кеткен. Иә, расында тілге ие болу екі дүние бақытының кілтіне ие болумен бірдей екенін ұмытпайық ағайын.